Қазақша  Русский  
Алматы облысы  <br> Ақсу ауданы <br>әкімдігінің Білім бөлімі
Алматы облысы
Ақсу ауданы
әкімдігінің Білім бөлімі

ҚР Мемлекеттік рәміздері
eye 
Жаңалықтар
10-01-2019
Мұхаметәлі Найманханұлы туралы бір үзік ой.

     Жазушы туралы жазу қиын. Себебі, жазушылар қоғамдағы құбылыстармен бірге кез-келген  пікірді бей-жай  қалдырмайды, жүрегімен қабылдап, терең түйсініп, ой елегінен өткізеді.  Жазушы- сөз кестешісі, сөз зергері, Сәкен Сейфуллинше айтқанда жай ғана сөз зергері емес, сөз арқылы адамның жан-дүниесін, сана-сезімін тәрбиелейтін зергер. Сондықтан да ол «адам жанының инженері» Жазушы жазу обьектісін зерттеген кезде өзге саланың да тақырыптарын қамтитыны белгілі. Бұл заманда жазушы тарихшы, саясаткер, философ, өлкетанушы. Сондықтан да болар, жазушы туралы жазу қиын дейтінім. Әйтсе де көптен бері көкейде жүрген ойды қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Бұл өскелең ұрпаққа айтар  өнегелі өсиеті мен жаныңа жақын тартар қасиеті бар, ақырын жүріп анық басып-ақ талай тағылымы терең туындылардың  авторы болған, қаламын қолынан бір сәт тастамай келе жатқан ауданымыздың Құрметті азаматты, Қазақстан Республикасы жазушылар одағының мүшесі Мұхаметәлі Найманханұлы Қазбанбетов ағамыз туралы бір үзік ой еді. Осыдан он шақты жыл бұрын Мұхаметәлі ағаның жұмыс орнына ғылыми-ізденіс тақырып аясында пікір алмасу үшін іздеп бардым. Өзіміздің Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының  профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ғылыми жетекшім Сарбасова Қарлығаш Базарбекқызымен бірлесіп, «Ақсу ауданындағы жер-су атауларының шығу тарихы» деген тақырып бойынша алғаш жұмысты бастаған кез еді. Көнекөз қариялармен кездесіп, мәлімет жинау қажет болатын. Әркімнен бір ақыл-кеңес сұрап жүргенімде «Жайлау ағаңнан артық мәлімет ешкім  бере алмас» деді үлкендер. Қасымда оқушым Біржан бар. Мұхаметәлі ағай бізді жылы қабақпен жақсы қарсы алды. Келген шаруамызды айтқанда жүзінен қуаныш пен құптаудың шырайын байқадым. Біздің сұрақтарымызға жауап беріп, бірнеше қызықты аңыздарды айтып берді. Сатан сайы, Жолбарыс соққан, Солдат қырған, Діңгек, Ешкіөлмес, Маманның Ақтастысы, т.б аңыздарды осы кісінің аузынан естідік. Бұл тақырыпқа деген қызығушылық арта түсті. Мұхаметәлі ағамыз өзінің барлық деректерін берді. Кітапханаларға барып, қосымша деректер алып, барлық аңыздар мен атауларды салыстырып, олардың этимологиясы мен семантикасын анықтадық. Атауларға лексика-грамматикалық тұрғыдан талдау жасадық. Ағамыздан алған интервьюді, ауданның киелі жерлерін бейнебаянға түсірдік. Мұхаметәлі ағаның сабырлылығы, әңгімені асықпай өте әдемі жеткізетіні, қарапайымдылығы жақсы әсер қалдырды. Ол кісінің кітаптарын, басылым бетінде жарық көрген мақалаларын оқып, ауданымыздың тарихын, топонимика саласын, тарихи тұлғаларды, адамдардың қарым-қатынасын, адам бойындағы адамгершілік-ізгілік қасиеттерді зерделеп, шынайы, дәйекті, көркем де түсінікті тілмен жеткізуіне тәнті болдым. Бұл –ол кісінің үлкен ізденісі, шығармашылық пен тынымсыз еңбегінің жемісі. 2016 жылы жарық көрген «Аманат» атты кітабының тұсаукесерін мектеп оқушыларымен кездесу барысында жасадық. 

 

Батырлардың ерлік қасиеті аманат,

 Бабалардың елдік өсиеті аманат.

 Аталардан жалғасқан дініміз аманат,

 Аналардан алмасқан тіліміз аманат,-деп ұрпаққа аманаттап бастырған мағыналы, мазмұнды мақалалары  жайында ой бөлістік.

 Есік алдында төбе болса,

 Ерттеп қойған атпен тең

 Ауылыңда қария болса,

 Жазып қойған хатпен тең,-демекші, бұл кісінің көмегі оқушылардың ғылыми ізденіс жұмысының ғана арқауы болған жоқ. Кейінде екінші жоғары оқу орнына Семейдегі Әуезов атындағы педагогикалық университетке түстім. Менімен бірге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы, сіңлім Раушан да оқуға түсті. Екеуміз де орыс сыныбындағы қазақ тілі маманы болғандықтан, таза қазақ тілі мен әдебиетін оқуды жөн көрдік. Семейдің оқытушылары әдебиетті шемішкеше шағатын, ағып тұрған, білімді, жалынды жастар болды. «Жетісу университеті тұрғанда сонау Семейде ерігіп, салдалып жүрмей, сол жақтан оқи салмайсыңдар ма?»-деді деканымыз. Курстағылар  Семейліктер, Жетісудан біз екеуміз ғана. «Семей-ежелден білімділердің ордасы. Бұл жақтың оқуы өзгеше болар. Бір  Жетісу университетін екі рет езіп оқығанша, сіздердің білімдеріңізді де көрейік», - дедім. Содан Жетісуға қатысты дүниенің бәрін екеумізден сұрайтын болды. Ақын Сараға қатысты даулы мәселер жөнінде қызу әңгіме. Толық мәлімет жинақтауды маған тапсырды. Осы арада да маған үлкен    көмек жерлес жазушылардың еңбектері, жергілікті газет,  журнал беттеріндегі мақалалар болды. М.Қазбанбетов ағамыздың «Кесенедегі құс ұясы» хикаяты, Т.Қалилаханов ағамыздың «Абайдың аяулысы-ақын Сара ауылында» атты еңбегі, т.б мақалаларды негізге ала отырып, группамызға лекция оқыдым. Мұғаліміміз екі қолын артына қойып, арлы-берлі жүріп тыңдайды, қызықты тың дерек болса тұра қалып мұқият тыңдайды. Ақсудың, жалпы иісі қазақтың маңдайына біткен Шолпан жұлдызы, саңлақ, шешен, ғажайып талант иесі, аяулы ақын, қазақтың айтыс өнерінің шоқ жұлдызына айналған Сара апайымыздың өмірі жайлы, шын  мәнінде атақты  Біржан салмен айтысқаны, айтысты Әріп ақынның  шығармағаны,  бұл айтыстың қазақ әдебиетіндегі айрықша орны туралы жерлес жазушыларымыздың еңбегіне сүйене отырып дәлелдеуге тырыстым. Ақын Сара туралы айтқанда тарихшы, ізденуші жерлесіміз Жемісбек Толымбеков ағамыздың Сара туралы кітабы мен  мақалаларының орны құнды әрі маңызды дер едім. «Ақсу өңірі» газетінде жиі жарияланып отыратын мақалаларын оқырмандар қызығушылықпен оқуда. Сол сәтте жазушы, журналист жерлес ағаларымыздың болғанына, арттарына өшпестей еңбек қалдырғандарына қатты қуандым. Мұхаметәлі Қазбанбетов ағамыздың деректері топонимика саласында түрлі тақырыптарға арқау болды. Оқушыларым аудан, облыс деңгейінде «Дарын» ғылыми жоба жарыстарында, КҒА-ның ғылыми-практикалық конференцияларында жүлделі орындарға ие болды. Өзім де бірнеше рет облыстық тілдер басқармасының ұйымдастыруымен өткен конференцияларда ономастика саласы бойынша баяндама жасадым. Әр кезде де «біздің жерлес жазушы ағамыз М.Найманханұлының дерегі бойынша» деген тіркесті тастаған емеспін. Өйткені бұл ізденіс жұмыстар сол кісіден бастау алғаны белгілі.

   М.Найманханұлы ауданымыздың тарихын зерттеп жүріп, қазақтың ірі қоғам қайраткері, алғашқы қазақ зиялыларының бірі, қазақ мемлекетін басқарудың алғашқы Ережесін жазған Барлыбек Сырттанов, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров, айтыс өнерінің шоқ жұлдызы  саңлақ Сара Тастанбекқызы, қоғам қайраткері, ағартушы, драматург, жазушы Біләл Сүлеев сынды тұлғалар туралы сүбелі еңбектерімен бірге қәзіргі ауданымыздың  өркендеуіне, дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан, еңбектері сіңген  азаматтар туралы мақалалары жарық көруде. Білім қызметкері, білікті басшы болған Ерғабыл Тұрсынбеков («Қалдырған ізің мәңілік»), ауданымыздың әкімі болған, басшылық қызметтер  атқарған Қалимолда Байболов («Құс жолы»), «Әлихан» шаруа қожалығының директоры Берік Тынышбайұлы («Әкеге тартып туған ұл»), ауданымыздың Құрметті азаматы Серікбек Серпербаев («Аудан баласы»), ақын Ораз Жұмашев («Темірқазық»), Ақсудан ұшқан аққуларының бірі Қалима Қожахметова («Ақсудың ақсұңқары»), т.б мақалаларын оқи отырып, адамдардың бойындағы асыл, ізгі қасиеттерді сол кездегі шынайы оқиғалармен байланыстыра көркем бейнелейтінін байқайсың. Жаны таза, ниеті дұрыс адам кейіпкерлерінің жақсы қасиеттерін бірінші көреді, ерекше бағалайды деген ойға қалдым. Мектепшілік «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы аясында Мұхаметәлі ағамыз жайлы бір сынып таныстырылым жасады. Таныстырылым өте мәнді болды. Тілдердің фестивалінде де атақты шетел жазушыларымен қатар жерлес жазушымыз деп М.Қазбанбетов ағамыз туралы мәлімет жазды. Ия, жастар үшін үлгі бола білген ағамызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасына береке-бірлік тілейміз. Ағамыздың әлі де бізге берері көп деп ойлаймын. Кеудесі қазынаға толы қарттарымыз қашан да  аман болғай!

 

 

 

                                                                           Ибраимова Рахат Ниғметбекқызы

                                                                      «Е.Сиқымов  атындағы орта

                                                                      мектебінің директоры,

                                                                      облыстық мәслихат депутаты,

                                                                      «Шоңай батыр» БПҰ-ның

                                                                      төрайымы.

Copyright © 2017, Алматы облысы Ақсу  ауданының білім бөлімі

 

КІРУ