Бәрімізге белгілі 2017 жылдан бастап әр білім беру мекемесінде қамқоршылық кеңестер құрылып, өз жұмыс жүргізіп келеді. Әрине, жаңа қолға алынған жұмысты жоғары деңгейінде ұйымдастыру ісінде өзіндік қиындықтар кездеседі. Бұл жұмысты тиімді жүргізуде нормативтік-құқықтық құжаттарды басшылыққа алынады. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі "Білім туралы" Заңының 44-бабының 9-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 355 бұйрығы негізінде Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары бекітілді. Осы үлгілік қағидалар білім беру ұйымдарында Қамқоршылық кеңесінің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібін айқындайды. Қамқоршылық кеңес білім беру ұйымының әкімшілігімен, ата-аналар комитетімен, жергілікті атқарушы органдармен, мүдделі мемлекеттік органдармен және өзге де жеке және/немесе заңды тұлғалармен өзара әрекет жасайды. Қамқоршылық кеңес мүшелерінің өз өкілеттігін орындауы өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
Қамқоршылық кеңес –білім беру ұйымын алқалық басқару нысандарының бірі. Бұл кеңес білім беру ұйымының әкімшілігімен, ата-аналар комитетінің, жергілікті атқарушы органдармен, мүдделі мемлекеттік органдармен, өзге де заңды немесе жеке тұлғалармен өзара бірлесе жұмыс жүргізеді. Қамқоршылық кеңестің негізгі мақсаты білім беру ұйымдарының оқыту және тәрбиелеу жағдайын жақсарту, балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне қоғамның назарын аударту, мектептің қызметіне, есеп шарттарына түсетін қайырымдылық көмектің мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылау жүргізуге бағытталған. Қайырымдылық көмектерден түсетін түсімдер: білім алушыларға және тәрбиеленушілерге әлеуметтік қолдау көрсетуге; білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын жетілдіруге, спортты дамытуға, дарынды балаларды қолдауға, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан тыс білім беру процесін ұйымдастыруға шығыстарды жүзеге асыруға жұмсалып, білім беру ұйымы жылдың қорытындысы бойынша сол білім беру ұйымының интернет-ресурсында, тиісті саланың уәкілетті органының немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органының өзінің интернет-ресурсында тиісті есепті орналастыру арқылы қайырымдылық көмек қаражатының пайдаланылуы және қозғалысы туралы жұртшылыққа ақпарат береді. Қамқоршылық кеңестің мүшелерінің саны тақ, бір-бірімен және сол білім беру ұйымының басшысымен ешқандай туыстық, жекжаттық қатынасы жоқ кемінде тоғыз адамнан құрылады. Қамқоршылық кеңес мүшелерінің өкілеттілік мерзімі үш жылды құрайды. Қамқоршылық кеңес мүшелері сол білім беру ұйымы қызметкерлерінің штатына кірмейді. Қамқоршылық кеңестің отырысы қажеттілігіне қарай, тоқсанына бір рет өткізіліп, білім саласындағы жергілікті атқарушы орган өзінің интернет-ресурсына қамқоршылық кеңестің қабылдаған шешімдері туралы ақпаратты орналастырады. Осы бағытта Үлгілік қағиданың 2–тарауының 5– тармақшасына сәйкес яғни, аудандық білім бөлімі өзінің интернет қорында және жергілікті Ақсу өңірі газетіне (23 ақпан 2018 жылғы № 9 /9900/ ) Қамқоршылық кеңестің құрылатындығы және оның құрамы бойынша ұсыныстардың қабылданатындығы туралы хабарландыру жариялап, әр білім беру ұйымдарынан Қамқоршылық кеңеске мүше болуға үміткерлердің жазбаша келісімімен алынған ұсыныстардың негізінде Ақсу ауданының білім бөлімінің 2018 жылғы 01 наурыздағы № 98 бұйрығымен 34 мектептен қамқоршылық кеңестері құрылды. Бүгінгі таңда әр білім беру мекемелерінде осы бағыттағы жұмыстар қолға алынуда. Бұл жұмысты тиімді ұйымдастыруда 2018 жылғы 18 қазан күні Жансүгіров ауылы «Е.Сиқымов атындағы орта мектебі мектеп жанындағы интернатымен» КММ-де өтілген Алматы облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің көшпелі кеңесі үлкен қолдау болды. Кеңеске мектеп басшылары, қамқоршылық кеңес мүшелері, мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, балабақша меңгерушілері қатысты. Кеңесте Алматы облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы Г.С.Ажикенова облыс бойынша Қамқоршылық кеңес жұмысының ұйымдастырылуы мен жүргізілуі барысы туралы толық айтып өтті және әр аудандардағы білім беру ұйымдарында құрылған қамқоршылық кеңестердің жұмыстары туралы да тоқталып, жұмыс барысында кеткен кемшіліктер мен жетістіктерге де тоқталды. Сонымен қатар Қамқоршылық кеңестің алдында білім беру ұйымының басшысының есеп беруі, кеңес құжаттарының рәсімделуі және жүйелі түрде жүргізілуі жөнінде де жан-жақты түсіндірді. Сол сияқты қайырымдылық көмектен түсетін түсімдердің қандай шараларда, қандай жағдайларға байланысты қолданылатыны туралы да ақтарып берді.
Осы мәселе аясында Қамқоршылық кеңес мүшелері, білім беру ұйымының басшылары мен орынбасарлары тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл кеңес Қамқоршылық кеңес мүшелері үшін әдістемелік тұрғыдан үлкен көмек болды. Ол кісілер де өздеріне жүктелген міндеттер туралы, жалпы Қамқоршылық кеңесінің миссиясы туралы толық ақпарат алды. Болашақта бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, мектепті дамытуға өзіндік қолдау мен көмек береді деп ойлаймын.
Р.Н. Ибраимова- «Е.Сиқымов атындағы орта мектебі мектеп жанындағы интернатымен» КММ-нің директоры, облыстық мәслихат депутаты, «Шоңай батыр» БПҰ-ның төрайымы.
Copyright © 2017, Отдел образования Аксуского района Алматинской области |